Барлық мадақ-мақтаулар әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән. Елшілердің имамы, пайғамбарымыз (с.а.у), оның үй-ішіне, барлық сахабаларына сәлем-салауаттар болсын.
Көркем мінез жайлы сөз қозғалғанда көз алдымызға Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тілмен айтып жеткісіз, тек өзіне ғана лайық, Аллаһтың сүйікті құлы, әрі елшісіне лайық мінезі елестейді. Демек, осынау әлемге нұр етіп жіберілген хазреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем мінезін дәріптеп, болмасақ та ұқсап бағу әрбіріміздің міндетіміз деп ойлаймын.
Иә, Пайғамбарымыз қияметке дейін келіп-кетер күллі адамзатты тәнті еткен осы ұлы қасиеттер мен көркем мінез-құлықты қайдан үйреніп, қайдан алды? Оны (с.а.у.) тәрбиелеп өсірген кім? Әке-шешесі дейін десек, Пайғамбарымыз әкесінен анасының құрсағында алты айлық кезінде, шешесінен алты жасында айырылып, тұл жетім қалды. Демек, Аллаһ елшісінің тәлім-тәрбиені әке-шешесінен алуы еш мүмкін емес. Ал, өскен ортасы, өмір сүрген қоғамынан дейін десек, ол қоғамның тарихта "надандық, қараңғылық" дәуірі деп қара таңбамен қараланғаны бәрімізге мәлім. Мұндай қараңғы қоғам өзінде жоқ қасиеттерді басқаға қалай бермек? Олай болса, Пайғамбарымызға бұл көркем де әсем қасиеттерді беріп, арнайы тәрбиелеп жетілдірген Әлемдердің Раббысы - Аллаһ екендігі айдан анық. Адам баласына қыстың күні мұз бетінде бәйшешек сыйлаған Раббымыз "надандық дәуірде" Пайғамбарымыздай нұрлы тұлғаны жетілдіріп, ғаламға рақым сыйлады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде:
«Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның Өзі» - деп осы шындықты айқындап берген.
Иә, Пайғамбарымыздың бойындағы тұнып тұрған кемел мінез-құлық - оның пайғамбарлығының белгісі мен нышаны екені хақ.
Сондықтан да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем мінез жайлы көптеген хадистерінің біразына көз жүгіртсек:
Пайғамбарымыз (с.а.у.) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра:
- Аллаһым, жаратылысымды әдемі қылып жаратқаныңдай, мінезімді де көркем
ет,-
деп үнемі Аллаһ Тағаладан жалбарына сұраған.
Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):
«(Әй, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» деген аятты оқып:
– Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, – деп түйген.
Және бір жерде Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):
«Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал – Аллаһтан қорқу мен көркем мінез», – екенін айтқан.
Бір кісі Пайғамбарымызға келіп:
– Дін деген не? – деп сұрағанда:
– Ол – көркем мінез, – деп жауап қатқаны тағы бар. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да, Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Көркем мінез» деген жауапты алған.
– Іс-амалдардың қайсысы жақсы? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):
– Көркем мінез, – деген.
Тағы басқа бірнеше хадистерінде:
– Аллаһ бұл дінді өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер.
Тағы бір хадисінде Хазреті Пайғамбарымыз
(саллаллаһу алейһи уә сәлләм):
- "Көркем мінез дегеніміз, ол - кеңпейілділік, жомарттық пен сабырлық." - деген.
(Хасан жеткізген)
Және бір хадисінде Хазреті Пайғамбарымыз
(саллаллаһу алейһи уә сәлләм):
"Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз - ең көркем мінезділеріңіз" - деген.
Қорыта айтсақ, көркем мінез - мүминдер үшін екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлімізде қолданысқа енгізіп, дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек.
Әрбіріміздің арманымыз болған, Аллаху Тағаланың шынайы мүминдерге берген уәдесі Жаннаттың кілтін жоғалтып алмайық, сондай-ақ өзгеге үлгі болар мұсылманға лайық көркем мінезді болайық бауырлар!!! Аллаһ сіздерден разы болсын!!!